Төрт жасар балақайды құтқарған қос полицей “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды
25 қазан – Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Рафаэль Ишакаев пен Рысбек Ағзамов Қазақстан Республикасы Президентінің “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жоғары мемлекеттік награданы ішкі істер министрі Ержан Саденов табыстады.
Мерекеге орай БҚО полиция департаментінде де салтанатты шара өтті.
Жиын барысында департамент бастығы Арман Оразалиев қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар полицейге ішкі істер министрінің бұйрығымен арнайы шендер, медальдар мен грамоталар табыстады.
Сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар берілді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың шілде айында Орал қаласында полиция қызметкерлері жетінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кету қаупінде тұрған төрт жасар баланы құтқарып қалған еді. Оқиға орнына барған Рафаэль Ишакаев, Рысбек Ағзамов және Батырбек Сейітов санаулы секундтың ішінде пәтердің есігін бұзып кіріп, терезеде тұрған баланы қауіпсіз жерге шығарды.

Полицейлер жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды. Адам өмірін арашалаған тәртіп сақшыларының ерлігі – қызметтік борышқа адалдық пен азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.


