БҚО-да мас күйде әрі шлемсіз мотоцикл басқарған жүргізуші жауапқа тартылды
БҚО-да мас күйде, шлемсіз және тіркелмеген мотоцикл басқарған жүргізуші тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Батыс Қазақстан облысының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері бірқатар жол қозғалысы ережесін бұзған мотоцикл жүргізушісін анықтады.
24 қазанға қараған түні сағат 02:00 шамасында Орал - Атырау тасжолында түнгі патрульдеу кезінде полицейлер мотоциклді тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, оның шлемсіз жүргені және мотоциклдің тіркелмегені белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің облыс аудандарының бірінде тұратын 39 жастағы азамат екені анықталды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік мас күйде болғанын растады.
Аталған деректер бойынша үш құқық бұзушылыққа қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды. Заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылықтардың сипатына қарай жүргізушіге көлік құралын басқару құқығынан айыру, әкімшілік қамаққа алу немесе айыппұл салу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, ықтимал қауіптің алдын алды.
Тәртіп сақшылары мас күйде көлік басқару, мотоциклді қорғаныс шлемінсіз жүргізу және тіркелмеген көлік құралын пайдалану жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді.
