Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіз үй: учаскелік инспектордың бір күні

Ақтөбе қаласындағы орталық базар маңы — шаһардың ең қарбалас аудандарының бірі. Мұнда адам қарасы мен көлік қозғалысы толастамайды. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін учаскелік полиция инспекторы Нұргелді Аяпбергенов қамтамасыз етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аумақ тұрғындары халықпен етене араласып, әрдайым байланыста жүретін учаскелік инспекторды жақсы таниды. Тұрғындардың тыныштығын бұзатындар, қоғамдық тәртіпті сақтамайтындар мен профилактикалық есепте тұрған азаматтар оның жіті назарында.

Өңірде өтіп жатқан "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында учаскелік инспектормен бір күн өткізіп, оның күнделікті қызметімен таныстық.

Тұрғындардың шақыртуына бару, үй-үйді аралау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп жұмыс істеу — Нұргелді Сәкенұлының күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.

Учаскелік инспектордың жұмысы тек құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың өтініштерін тыңдау және мәселелерін шешуге көмектесу де маңызды міндеттердің бірі.

- Аумақтың тыныштығын сақтап, әрбір үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұрғындардың көмегі зор. Бізбен үнемі байланыста болып, қауіпсіз қаланы бірге қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Олардың ұсыныс-пікірлеріне де әрдайым ашықпыз, — дейді учаскелік инспектор Нұргелді Аяпбергенов.

Қауіпсіздік — ортақ жауапкершілік. Ал учаскелік инспектор мен тұрғындар арасындағы сенім мен ынтымақтастық қоғамдық тәртіпті нығайтып, әрбір үйдің тыныштығын сақтауға негіз болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру