Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде учаскелік инспектор ауыл тұрғынын өрттен құтқарды

Ақтөбеде учаскелік инспектор ауыл тұрғынын өрттен құтқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында учаскелік полиция инспекторының қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында ауыл тұрғыны өрттен аман қалды.

1 қарашада Байғанин аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұрмағамбет Байжазық өзіне бекітілген Алтай батыр ауылын аралап, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген. Сағат 16:00 шамасында ол Орталық көшесіндегі №37 үйдің төбесі мен терезесінен түтін шығып жатқанын байқайды.

Жағдайдың қауіпті екенін түсінген полицей дереу үйге кірген. Алайда қою түтіннен іште адамның бар-жоғын бірден анықтау мүмкін болмаған. Полиция капитаны уақыт жоғалтпай, су тасып, өртті сөндіруге кіріскен. Сонымен қатар 102 арнасы мен ауылдық округ әкімдігіне хабар беріп, көмек шақырған.

Өрттің бетін қайтарған соң үй ішін қайта тексерген полицей ес-түссіз жатқан ер адамды байқайды. Келіп жеткен ауыл әкімімен бірге олар зардап шегушіні сыртқа алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған.

Кейін анықталғандай, үйдегі пештің маңы отқа оранып, төбедегі мұржаның түбі тұтанған.

Оқиғадан кейін ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Бибатша Абенова полиция қызметкеріне алғысын білдіріп, жүрекжарды лебізін жолдаған.

- Ана ретінде баламның тірі қалғанына қатты қуанып отырмын. Баламды аман алып қалғаны үшін Нұрмағамбетке алғысым шексіз. Дені сау болсын, осындай жандар көбейе берсін! – деп ақ батасын берген толқыған ана.

Учаскелік инспектордың дер кезінде қабылдаған шешімі мен батыл әрекеті бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл – полиция қызметкерінің кәсіби жауапкершілігі мен адам өміріне деген жанашырлығының айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру