Арнайы есепке алу бөлімі – жауапкершілігі жоғары қызмет
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекеменің арнайы есепке алу бөлімі – мекеме қызметінің заң талаптарына сай әрі жүйелі ұйымдастырылуына үлес қосатын маңызды құрылымдардың бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бөлімнің негізгі міндеттері – мекемеде ұсталатын күдіктілердің, айыпталушылардың және сотталғандардың жеке істерін жүргізу, есепке алу құжаттарын рәсімдеу, олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуына қатысты құжаттамалық жұмыстарды қамтамасыз ету.
Бөлім қызметкерлері жеке істерді қалыптастырып, олардың толықтығы мен сақталуын қадағалайды. Сонымен қатар азаматтардың арыз-өтініштері мен шағымдарын қабылдап, белгіленген тәртіппен тиісті орындарға жолдайды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру және рақымшылық жасау мәселелеріне қатысты құжаттарды әзірлеп, рәсімдейді.
Сондай-ақ бөлім мамандары күдіктілердің, айыпталушылардың және сотталғандардың заңды өкілдерімен кездесулеріне қатысты құжаттарды тексеріп, кездесулердің белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылуын қадағалауға қатысады. Бұдан бөлек, оларды басқа мекемелерге немесе тиісті орындарға кезең-кезеңімен жөнелту кезінде қажетті құжаттарды әзірлеу, жеке істердің толықтығы мен дұрыстығын тексеру жұмыстарын атқарады.
Қазіргі таңда арнайы есепке алу бөлімінде жеті қызметкер еңбек етеді. Оның үшеуі – еркін жалдамалы құрамның қызметкерлері, төртеуі – арнайы нысанды киім үлгісіндегі жеке құрам өкілдері. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, қызметтік тапсырмалардың белгіленген талаптарға сай орындалуына басымдық береді.
Бұл салада ұқыптылық пен дәлдік ерекше маңызға ие. Өйткені жеке істердегі құжаттардың дұрыс рәсімделуі, есептік мәліметтердің нақтылығы және заң талаптарының сақталуы мекеме жұмысының сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бөлім қызметкерлері құжаттардың уақытылы әрі сауатты дайындалуына, мәліметтердің дұрыстығына және қызметтік тәртіптің сақталуына айрықша мән береді.
Арнайы есепке алу бөлімі – күнделікті қызметі көпшілікке байқала бермейтін, алайда мекеменің тұрақты әрі жүйелі жұмыс істеуіне елеулі үлес қосатын құрылым. Мұнда кәсіби біліктілік, ұқыптылық пен жоғары жауапкершілік басты орында. Өз міндеттерін тиянақты атқарып, заң талаптарын басшылыққа алатын бөлім ұжымы мекеме қызметінің сапалы ұйымдастырылуына үлес қосып келеді.
