Абай облысында полицейлер жеті ауылдағы 315 үйді аралады
Абай облысында полицейлер жеті ауылдағы 315 үйді аралады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық жанжалдардың алдын алу, балаларға төнетін қауіпті дер кезінде анықтау және тұрғындарды алаяқтардан қорғау мақсатында Абай облысының Бородулиха ауданында полицейлер 315 үйді аралап шықты.
Профилактикалық іс-шаралар 30 қазанда "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жаңа Шүлбі, Ақши, Жерновка, Пол-Лог, Боровлянка, Песчанка және Красный Яр ауылдарында өтті. Оған 73 полиция қызметкері мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қатысты.
Аралау барысында бақылау мен қолдауды қажет ететін отбасыларға, сондай-ақ қорғау нұсқамалары мен сот белгілеген шектеулердің сақталуына ерекше назар аударылды. Нәтижесінде балалардың тұруына қажетті жағдай жасалмаған екі отбасы ювеналдық полицияның профилактикалық есебіне қойылды. Ал екі азаматты алкогольге тәуелділігіне байланысты мәжбүрлеп емдеуге жіберу мәселесін қарау үшін тиісті материалдар жиналды. Сонымен қатар 17 ресми ескерту берілді.
Ауыл тұрғындарымен кездесулерде полицейлер интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерін тану, балаларды қауіпті жағдайлардан қорғау және өрт қауіпсіздігін сақтау жолдарын түсіндірді. Тұрғындарға 426 жадынама таратылып, дүкендер мен қоғамдық орындарға учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері орналастырылды.
Бір күн ішінде полиция қызметкерлері 96 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде абаттандыру қағидаларын бұзудың 28 дерегі және жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы 40 құқық бұзушылық бар. Бұдан бөлек, әкімшілік қадағалау талаптарын, сот белгілеген ерекше талаптарды сақтамау және балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактілері анықталды.
Сондай-ақ 49 дүкен иесімен алкоголь және темекі өнімдерін сату талаптарын сақтау мәселелері талқыланды. Азаматтық қарудың 25 иесінің оны сақтау жағдайы тексеріліп, құқық бұзушылықтар анықталған жоқ.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған кездесу өткізді.
Мұндай аралау жұмыстары учаскелік инспекторларға отбасылардағы ахуалды бағалауға, қауіп белгілерін дер кезінде анықтауға және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
