Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

23 жастағы қыздың өкініші: "Ата-анамның қадірін кеш түсіндім"

Қызылорда облысындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердің бірінде тағдырдың түрлі сынағына тап болған әйелдер жазасын өтеуде. Солардың бірі – небәрі 23 жастағы Маржан. Жастық шақтың желігімен жасаған қателігі оның өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, бүгінде өткеніне өкініп, болашағына үмітпен қарауға мәжбүр еткен. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған Маржан №37 мекемеде үш жылға бас бостандығынан айырылған. Аталған бап есірткі және психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе қайта өңдеу әрекеттеріне қатысты.

Жас қыз бүгінде өз қателігінің салдарын терең түсініп, өткен өміріне өкінішпен қарайды. Оның айтуынша, кезінде дұрыс таңдалмаған орта мен орынсыз әуестік өмірлік жоспарларының күл-талқан болуына себеп болған.

- Мен отбасымның тұңғышы едім. Ата-анам менен үлкен үміт күтті. Жоғары оқу орнын тәмамдап, психолог мамандығын меңгердім. Болашағымнан көп үміт күттірген қыз болатынмын. Алайда бір сәттік қызығушылық бүкіл өмірімді өзгертіп жіберді. Айналамдағы ортаны дұрыс таңдай алмадым. Ешкімнің ақылына құлақ аспай, өз дегеніммен жүрдім. Уақыт өте келе зиянды әдеттерге еліктей бастадым. Жиырмадан асқан соң жұмыс істеп, өз нәпақамды таба бастадым. Бірақ болашаққа құрған жоспарларым мен асқақ армандарым бір сәтте күл-талқан болды, – дейді Маржан.

Ол үшін бас бостандығынан айырылудан да ауыр соққы – туған-туыстарынан жырақта жүру. Әсіресе, ата-анасы мен бауырларын сағыну жанын жабырқатады.

- Ата-анамның қадірін кеш түсіндім. Қазір анамның жанында еркелеп, бауырларыммен күн сайын жүздесе алмайтыным жаныма батады. Осындай қиын жағдайға тап болғаныма қарамастан, ата-анам менен теріс айналған жоқ. Қандай жағдай болса да, қолдау көрсетіп келеді. Тергеу изоляторына кездесуге келген анамның қолынан сүйіп, қайта-қайта кешірім сұрап, құшақтай беремін. Өз қателігімді жақсы түсінемін. Кезінде ата-анамның ақылын тыңдамадым. Енді соның зардабын өзім тартып отырмын, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Маржан №37 мекемеде жазасын өтеумен қатар, қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Сондай-ақ мекеме психологының қабылдауында болып, маманның кеңестерін алған. Оның сөзінше, психологиялық әңгімелесулер өзін тереңірек түсінуге, ішкі жан дүниесімен сырласып, ойларын жүйелеуге септігін тигізген.

Бүгінде Маржанның алға қойған мақсаты айқын. Ол бостандыққа шыққан соң алған мамандығы бойынша еңбек етіп, адамдарға психологиялық қолдау көрсететін орталық ашуды армандайды. Сонымен қатар ата-анасының үмітін ақтап, бауырларына қамқор болуды басты міндеті санайды.

- Қазір барлық арман-мақсатымды қағазға түсіріп жүремін. Бостандыққа шыққан соң өмірге мүлде басқа көзқараспен қарап, адал еңбек еткім келеді. Ең бастысы, ата-анамның сенімін ақтап, бауырларыма тірек болсам деймін. Есірткіге еліктемей, кезінде дұрыс жолды таңдағанымда ғой...", - деп өкінішін білдірді жас қыз.

Бір сәттік әуестік пен дұрыс таңдалмаған ортаның адам тағдырына тигізер әсері орасан. Маржанның өмір жолы – соның бір мысалы. Бұл оқиға есірткінің адам өміріне әкелетін ауыр зардабын ғана емес, ата-ананың қадірін бағалаудың, жақындардың сенімін ақтаудың және әрбір әрекетке жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір аңғартады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру