Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда төрт ұрлыққа қатысы бар күдікті ұсталды

Петропавл тұрғыны манипулятор кабинасындағы ұрлықтың ашылғаны үшін полицейлерге алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласы полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп, қала аумағында жасалған бірнеше ұрлықты ашты. Жәбірленушілердің бірі – автокран-манипулятордың иесі.

Ол демалыс күндері көлігін Алматы көшесіндегі аулалардың біріне қалдырған. Қайтып келгенде жүргізуші орындығы жағындағы әйнектің сынғанын байқап, кабинадан құрал-саймандар жиынтығы, монитор мен салқындату жүйесінің реттегіші ұрланғанын анықтаған. Осыдан кейін қала тұрғыны полицияға арызданған.

Бұдан бөлек, гараждардан екі, жертөледен бір ұрлық жасалғаны белгілі болды. Қылмыстар түнгі уақытта "Океан" дүкенінің маңында, есіктерді бұзу арқылы жасалған. Бұл деректер күдіктінің қылмыс жасау тәсілін меңгергенін аңғартқан.

Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу және полиция есебінде тұрған адамдарды тексеру нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол – мүлікке қатысты қылмыстар үшін бұрын сотталған 36 жастағы Петропавл тұрғыны. Ер адам жазасын өтеу мекемесінен биыл шілде айында босап шыққан. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.

Төрт ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Манипулятордан ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін заттар заңды иесіне қайтарылады.

Қала тұрғыны қылмыстың ашылуына үлес қосқан полицейлерге алғысын білдірді.

Полицейлер ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарлама мен "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жүйелі жұмыс жүргізуде. Он айдың қорытындысы бойынша өңірде ұрлық деректері 14,7 пайызға азайған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру