Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында жыл басынан бері 8 мыңнан астам жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті тақырыбының бірі. Осы бағытта Қызылорда облысында құқық қорғау органдары бірқатар профилактикалық іс-шараны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда полиция департаменті білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, қоғамдық орындар мен жасөспірімдер жиі шоғырланатын ойын-сауық орталықтарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды.

Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жүрген жасөспірімдер анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың күнделікті өміріне тиісті бақылау жасау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 11 398 құқық бұзушылық анықталған. 231 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындары мен тұрғынжайдан тыс жүрген 8 124 кәмелетке толмағанның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында "Түнгі қаладағы балалар", "Назар аударыңыз, балалар!", "Нүктелік", "Жасөспірім-2" және "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Іс-шаралар аясында бала тәрбиесіне бейжай қарайтын ата-аналардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізілуде. Сонымен қатар полицияның профилактикалық есебінде тұрған жасөспірімдердің тұрмыс жағдайы зерделеніп, олардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу шаралары қолға алынған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру