Павлодарда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтті
Павлодар облысында полицейлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерекше назар отбасылық жанжалдарға байланысты қайталанған өтініштер мен шақыртуларды тексеруге аударылады. Бұл жұмыстар демалыс және мереке күндері де жалғасады.
Ең алдымен, полиция қызметкерлері бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері тіркелген отбасыларға барып, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізеді.
Отбасыларды аралау барысында жанжалға қатысушылармен түсіндіру әңгімелері өткізіліп, құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңнамада көзделген жауапкершілік түсіндіріледі. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу қажеттігі ескертіледі.
Бұл ретте жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауға басымдық беріледі.
Профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың ушығуына жол бермеу.
Полиция ескертеді: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасының ішкі мәселесі емес, заң бойынша жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық. Егер зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз немесе оның куәгері болсаңыз, бейжай қалмай, 102 нөміріне хабарласыңыз.
