Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жөндеуге берілген көлікті рұқсатсыз мінген павлодарлық шебер 20 тәулікке қамалды

Павлодар облысы Ертіс ауданында шебер жөндеуге алған көлікті рұқсатсыз мініп, аударып алған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Ол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шеберге тапсырған автокөлігін басқа адамның рұқсатсыз пайдаланғанын хабарлаған.

Тексеру барысында шебердің автокөлікті жөндеп болған соң, алкогольдік масаң күйде және көлік басқару құқығынсыз рөлге отырғаны анықталды. Алайда ол көлік тізгініне ие бола алмай, жол-көлік оқиғасын жасап, автокөлікті аударып алған.

Аталған дерек бойынша көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап әкету) фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бұдан бөлек, сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция ескертеді: автокөлікті жөндеу үшін шеберге тапсыру оның иесінің келісімінсіз жеке мақсатта пайдалануға рұқсат бермейді. Өзгенің көлігін рұқсатсыз пайдалану заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру