"Қауіпсіз үй" ЖПІШ: Павлодар облысында екі мыңнан астам мекенжай тексерілді
Павлодар облысында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында екі мыңнан астам мекенжай тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қазан мен 5 қараша аралығында Павлодар облысының аумағында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бақылауды күшейтуге, олардың сот жүктеген міндеттер мен талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шараға Павлодар қаласы мен облыс аудандарының пробация қызметтерінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша пробация қызметінің есебінде шамамен 1 100 сотталған адам тұр. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында қызметкерлер есепте тұрған азаматтардың 2 000-нан астам тұрғылықты мекенжайын тексерді.
Тексеру нәтижесінде белгіленген талаптарды бұзудың 70-ке жуық дерегі анықталды. Атап айтқанда, тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру кезінде 37 сотталғанның көрсетілген мекенжайда болмағаны белгілі болды. Сонымен қатар "Цифрлық пробация" мобильді қосымшасының көмегімен 20 бұзушылық, ал электрондық бақылау құралдары арқылы тағы 14 дерек анықталды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарау үшін сотқа 35 материал жолданды.
