Петропавлда заңсыз орнатылған гараждарды көшіру мәселесі талқыланды
Петропавлда заңсыз орнатылған гараждарды көшіру мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Таза Қазақстан" республикалық бастамасы аясында Петропавл қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшылығы қоғамдық белсенді Мәлік Шигабутдиновпен бірлесіп, Брусиловский және Амангелді көшелерінің қиылысындағы су мұнарасы маңында рейд жүргізді. Тексеруге осы аумақта орнатылған темір гараждар себеп болды.

Рейд барысында полицейлер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын сақтау қажеттігін еске салды. Сонымен қатар қоғамдық белсендімен бірге гараждарды көшіру мәселесін талқылады. Бұған дейін гараж иелеріне нысандарды көшіру қажеттігі туралы екі рет хабарлама берілген. Алайда кейбір гараждар әлі күнге дейін орнында тұр.

Айта кетейік, гараждарды орналастыру мен бұзу заңдылығына қатысты мәселелер жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Ал полиция өз өкілеттігі шеңберінде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тұрғындармен өзара іс-қимыл жасайды және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталған. Оның 5 мыңға жуығы Петропавл қаласында тіркелді.

"Таза Қазақстан" бастамасы қоршаған ортаны таза ұстауға және ортақ аумақтарға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Бұл – "Заң мен тәртіп" қағидатын күнделікті өмірде жүзеге асырудың да бір көрінісі.
