Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда түнгі клубтарда бұзақылықтың екі дерегі тоқтатылды

Павлодар қаласындағы екі түнгі клубта бұзақылық әрекеттерінің екі дерегі тіркеліп, полицейлер олардың жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірде құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе, түнгі ойын-сауық орындарына баса назар аударылады. Өйткені мұндай жерлерде келушілер арасындағы жанжалдар соңы төбелеске және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге ұласуы мүмкін.

Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде Павлодар қаласындағы екі түнгі клубта бұзақылық әрекеттері анықталып, дер кезінде тоқтатылды.

– Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу барысында оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, ойын-сауық орындарына келген азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіреді.

Ведомство мәліметінше, полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарының әкімшіліктерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кездесулер барысында қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау, келушілердің қауіпсіздігін бақылау және жанжалдарға дер кезінде ден қою қажеттігі ескертіледі.

Құқық қорғау органдары тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға, жанжал туындатпауға, төбелеске араласпауға және кез келген құқық бұзушылық туралы полицияға жедел хабарлауға шақырады.

– Тұрғындар мен қала қонақтарын жауапкершілік танытуға шақырамыз! Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, әр азаматтың саналы әрекетіне де байланысты, – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру