Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақшаңызға көз тіккен алаяқтар қандай айла қолданады?

Абай облысының полиция департаменті азаматтарды интернет-алаяқтықтан сақ болуға шақырады. Қазіргі уақытта алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, тұрғындардың ақшасы мен жеке деректерін иемденудің түрлі тәсілдерін қолдануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу. Мұндай жағдайда алаяқтар азаматтардың шотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, SMS-кодты, банк картасының құпия деректерін сұрайды немесе ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіруге тырысады. Полиция банк қызметкерлері мұндай құпия ақпаратты талап етпейтінін ескертеді.

Сондай-ақ соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар арқылы алдау деректері де кездеседі. Алаяқтар қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға үгіттейді. Сенімге кіру үшін танымал адамдардың бейнесін, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейнежазбаларды пайдалануы мүмкін.

Интернет кеңістігінде жиі кездесетін тағы бір тәсіл – фишинг. Қаскөйлер банктердің, мемлекеттік мекемелердің немесе белгілі ұйымдардың ресми сайттарына ұқсас жалған интернет-парақшалар жасап, азаматтардың жеке және банктік деректерін қолға түсіруге әрекеттенеді.

Бұдан бөлек, алаяқтар интернет-дүкендер мен хабарландыру сайттарын да пайдаланады. Олар тауарларды нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан ұсынып, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін сатушымен байланыс үзіліп, тапсырыс берілген тауар жеткізілмейді. Осындай жағдайлар пәтер жалдау, автокөлік және басқа да мүлікті сатып алу кезінде кездесуі мүмкін.

Мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық та азаматтарға қауіп төндіреді. Қаскөйлер өзгенің аккаунтына заңсыз кіріп, оның атынан туыстары мен таныстарына хабарлама жібереді. Күтпеген жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша аударуды өтінеді. Сондықтан мұндай хабарлама алған жағдайда ақша жібермес бұрын сол адаммен тікелей байланысып, ақпараттың рас-өтірігін анықтау қажет.

Алаяқтар курьерлік және жеткізу қызметтерінің атын жамылып та әрекет етеді. Олар сәлемдемені жеткізу ақысын төлеу немесе тапсырысты растау үшін арнайы сілтемеге өтуді ұсынады. Мұндай сілтемелер арқылы азаматтардың банк картасына қатысты мәліметтері мен жеке деректері қолды болуы мүмкін.

Сонымен қатар жалған ұтыс ойындары, сыйлықтар мен түрлі акциялар арқылы алдау жағдайлары да кездеседі. Алаяқтар азаматтың бағалы сыйлық ұтып алғанын хабарлап, оны алу үшін алдын ала салық, комиссия немесе жеткізу ақысын төлеуді талап етеді.

Полиция азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, олардың атына заңсыз несие рәсімдеуге әрекет жасау және әлеуметтік желілерде танысып, сенімге кіргеннен кейін түрлі сылтаумен ақша сұрау сияқты алаяқтық тәсілдерінен де сақ болуға шақырады.

Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері SMS-кодтарды, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және құпиясөздерді ешкімге жарияламауға кеңес береді. Сондай-ақ бейтаныс адамдар жіберген күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және жоғары табысқа оңай қол жеткізуге уәде ететін ұсыныстарға сенбеу маңызды.

Егер азамат интернет-алаяқтықтың құрбаны болса, дереу банкке хабарласып, картасы мен шотындағы операцияларды бұғаттау шараларын қабылдауы қажет. Одан кейін полицияға арыз беріп, алаяқтармен сөйлескен хабарламаларды, телефон нөмірлерін және ақша аударылғанын растайтын түбіртектерді сақтаған жөн.

Полиция алаяқтардың көбіне азаматтарды асықтырып, қорқыту немесе сеніміне кіру арқылы әрекет ететінін ескертеді. Сондықтан кез келген күмәнді ақпаратты тексеріп, қаржылық операциялар кезінде сақтық шараларын ұстану қажет.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру