Қоғам қауіпсіздігін күзеткен тәртіп сақшысының бір күні
Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменов 12 жылдан бері құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Инспектордан батальон командиріне дейінгі қызмет жолынан өткен полиция капитаны бүгінде 150-ден астам қызметкерге басшылық етеді.
Батальон командирінің жұмыс күні таңғы сағат 07:20-да күндізгі ауысымның саптық таралымынан басталады. Ол орынбасарларымен және взвод командирлерімен бірге жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, міндеттерді бөледі. Қаладағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауда ұстау — оның негізгі міндеттерінің бірі.
Қызмет барысында Қуаныш Сүлейменов адам өміріне қауіп төнген күрделі жағдайларға бірнеше рет тап болған.
2019 жылдың тамызында ол әріптестерімен бірге ашық тұрған гараж туралы хабарлама бойынша оқиға орнына барады. Гараж ішінен бояу материалдарының өткір иісін сезген полицейлер жертөледе улы будан ес-түссіз жатқан екі ер адамды анықтайды.
Тәртіп сақшылары зардап шеккендерді жертөледен шығарып, медицина қызметкерлері келгенге дейін алғашқы көмек көрсетеді. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ер адамдардың бірі аман қалады.
Биыл жазда Қуаныш Сүлейменов көру қабілеті нашар, адасып кеткен зейнеткерді іздестіруге қатысты. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы оның жүрген бағыты анықталып, көп ұзамай зейнеткер үйлердің бірінің кіреберісінен табылды.
Қыркүйек айында батальон командирі сауда үйінде ұялы телефонын жоғалтқан балаға көмектесті. Іздестіру барысында жоғалған құрылғы табылып, иесіне қайтарылды.
Ал қазан айында Қуаныш Сүлейменов Солнечный кентінен қайтып келе жатып, Новопавловкадағы саяжай аумағынан өртті байқайды. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен командир мен оның орынбасары жанып жатқан үйдің жанынан ес-түссіз жатқан ер адамды көреді. Полицейлер оны қауіпті аймақтан шығарып, есін жиғызады.
Батальон командирінің қызметі кешкі уақытта да жалғасады. Түнгі ауысымның саптық таралымын өткізу, патрульдік нарядтардың жұмысын бақылау және жеке құрамға қолдау көрсету — оның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Қызметтен тыс уақытта Қуаныш Сүлейменов — екі баланың әкесі. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, ол отбасына көңіл бөлуге тырысады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын сәтте көмек көрсету — патрульдік полиция қызметкерлерінің күнделікті міндеті. Қуаныш Сүлейменовтің қызмет жолы — осы міндетке адалдық пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісі.
