ҚР ІІМ-нің медалімен марапатталды
Қызмет бабында қаза тапқан полицей ҚР ІІМ-нің медалімен марапатталды, – деп хабарлайды polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Жетісай АПБ-нің басшы құрамы қызмет бабында қаза тапқан полицейдің отбасымен кездесіп, әріптестерін сағынышпен еске алды.
Осыдан 12 жыл бұрын ойда-жоқта отбасының асыраушысы, тірегі, жұбайынан айырылған Меруерт Укиева, күйеуінің шаңырағының отын сөндірмей, отбасының ұйытқысын сақтап, жолдасы Нұржан Алтынбековтың артында қалған 3 ұл мен 2 қызын тәрбиелеп, үлгілі ана атанып отыр. Оның жұбайы Алтынбеков Нұржан Қауасбекұлы 1978 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. 1997 жылы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2001 жылы бітіріп шығады. 2005 жылы алғаш рет ІІО-на қызметке орналасқан. 2006-2007 жылдар аралығында Сарыағаш АПБ-нің заң тобының заң кеңесшісі қызметін абыроймен атқарған. 2007 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін ОҚО ІІД Жол полициясы басқармасы жеке батальон қызметінің аға инспекторы лауазымында қызметте болған. Оны 2007 жылдың 14-қырқүйек күні күнделікті жол бойында қызметін атқарып тұрғанда, ішімдік ішіп, мас халде көлік басқарған жүргізуші қағып кетеді. Өкінішке орай, келесі күні бір отбасының шаңырағы ортасына түсіп, ІІО-ы саласы қызметін мінсіз атқарып жүрген қызметкерінен айырылып қалды. Олай деуімізге себеп, жол-апаты салдарынан алған жарақатынан соң, Нұржан қайта көзін ашпады. Иә, осындай қайғылы жайттан соң, отбасы да, қызметтестері де есеңгіреп қалды. Арда азаматтың есімі естен шықпақ емес. Оған дәлел ағымдағы жылдың 16-желтоқсан күні ҚР-ның Тәуелсіздік күні қарсаңында өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін бұрынғы ОҚО ІІД қызметкері Нұржан Алтынбеков қызмет бабында қайтыс болуына байланысты «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» атты ҚР ІІМ-нің медалімен наградталды. Аталған марапатты табыстау үшін өмірден өткен полицейдің жұбайы Жетісай АПБ-не құрметпен шақыртылып, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов мерекемен құттықтап, марапатты салтанатты түрде ұсынды. Сондай-ақ, гүл шоқтарымен сый-сыяпаттар жасады. Кездесуде сөз алған ауданның бас полицейі: «Қызмет бабында қайтыс болған жандар, бұлар – елдің тыныштығын күзетіп, қылмысты ашу мен оның алдын алуда өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсап, еңбек еткендер. Болашақ ұрпаққа осындай қызметкерлеріміздің қайсарлықтары үлгі болары анық»,-деп атап өтті. Жоғарыда аталған полицейдің ұлдары болашақта тәртіп сақшысы болғылары келетінін айтып, полицейлердің қызметіне қызығатындықтарын жеткізді. Осы тұста, бұл жастардың әке жолын жалғастырып, елдің нағыз азаматтары болатынына бізде сенімдіміз. Отбасыларына амандық тілейміз.