Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықтың екінші фактісі анықталды

Экологиялық қылмыстардың жолын кесуге және болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар барысында полицияның түрлі бөліністері мен мүдделі ведомстволардың қызметкерлері күш біріктіреді, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы орман алқаптарын тексеруге табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкері полиция капитаны Самат Мейрамов, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкері полиция капитаны Дмитрий Цыганюк пен «Булаев орман шаруашылығы» КММ саятшысы Александр Шитов қатысты. Олар Октябрьское ауылының маңындағы жолда ВАЗ 21310 автокөлігін, оның артқы білігінен қара дақты байқаған. Әрі форма киген адамдарды көрген жүргізушінің жылдамдықты арттыруы күдікті күшейте түсті. Аз уақыттың ішінде тәртіп сақшылары жүргізушіні жол шетіне ығыстырды. Көлік салонында аудан орталығы Булаево қаласының 1991, 1993 және 1995 жылы туған үш тұрғыны болды. Артқы орындықта қару қабына салынған ТОЗ-34ЕР маркалы тегіс ұңғылы мылтық пен 12 калибрлі оқ-дәрілер бар оқшантай жатты. Жүксалғыштан 2 сібір елігінің мүшеленген еті табылды. Кейінірек полицейлер жануарларды заңсыз атып алған орынды да іздеп тапты.

Аталған факті ҚР ҚК 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Автокөлік, мүшеленген ет, қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

«Бұл ағымдағы жылы тіркелген заңсыз аң аулаудың екінші фактісі», – деп хабарлады СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобы бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Асхат Қожабаев. – Рейдтік іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Табиғатты пайдалану қағидаларын бұзудың барлық түрлері – полицияның назарында. Тек дүйсенбі 6 қаңтардан бастап облыста аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін – 26, балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін – 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтаудың – 3, қаруды сақтау қағидаларын бұзудың – 1 фактісі анықталды».

Полицейлер облыста 1 қаңтардан бастап борсық, тұяқты жануарларды (бұлан, қабан, марал, сібір елігі) аулауға тыйым салынғанын ескертеді. 15 ақпанға дейін түлкі, қарсақ, қоян, жанат тектес ит пен ондатраны аулауға рұқсат берілген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру