Полицейлер 26 күн ішінде мас күйінде көлік айдаған 9 жүргізушіні ұстады
Жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері көлікті мас күйінде жүргізген 9 жүргізушіні анықтаған.Олардың ішінде Ордабасы, Қазығұрт, Түлкібас, Мақтаарал, Түркістан қалалық және аудандық полиция бөлімдері қызметкерлерімен 1 жүргізушіден, ал Кентау мен Отырар полиция бөлімдерімен атқарылған жұмыстар барысында мас жағдайда көлік тізгіндеген 2 жүргізуші ұсталған. Қаңтарда Түркістан облысы Түлкібас ауданында мас күйінде көлік жүргізген жігіт ұсталып, қамауға алынды.
Әдеттегідей Түлкібастық тәртіп сақшылары жол бойында рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында шамамен түстен кейінгі уақытта ресейлік нөмірі бар автокөлік жүргізушісін тоқтатып, құжатын сұрайды.Алайда жүргізуші құжаттарының дұрыс еместігін айтып ақтала бастайды. Оның іс-әрекеттері күмән туғызады. Сақшылар одан әрі ер азаматты тексеріп, медициналық сараптамаға жібереді.
Қорытындысына сәйкес жүргізушінің «жеңіл дәрежедегі мас күйінде» болғандығы анықталады. Сондай-ақ ер азаматтың бұрын жүргізуші құқығынан айырылғандығы белгілі болады.
Қазіргі таңда жүргізуші қамауда. Ол Арыс қаласыныңтұрғыны болып шықты. Мас халде көлік жүргізгені үшін оған қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жолберу» бойынша іс қозғалды.
Облыс полицейлері ескертеді: алкоголь ішіп темір тұлпарды тізгіндеген кез-келген жүргізуші заңға сәйкес жазаланып, тіпті он жыл бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішімдік ішіп көлік басқармауға, жол ережесін бұзбауға және жылдамдықты асырмауға кеңес береді. Облыс полицейлерімен осындай сипаттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.