Ойланбастан құтқарды
Таранов ауданының Әйет ауылында полиция қызметкерлері өртеніп жатқан үйден бір әйелді құтқарды.
29 қаңтарда түнгі 23.30 шамасында Таранов ауданы, Әйет ауылы Жабағы батыр көшесіндегі жеке үйлердің бірінде өрт болған. Оқиға орнына алғаш болып аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жанат Меңдіғалиев пен Сергей Чекин келді. Өрт сөндіру бөліміне оқыс оқиға туралы хабарланды.
– Біз жанып жатқан үйге жақындағанда, аулада көршілер де, үй иесі де болды. Ер адам әпкесінің үйде қалғанын айтты, – дейді учаскелік полиция инспекторы Жанат Меңдіғалиев. Алайда, үйге кіру мүмкін болмады. Уақыт өте от жалыны бүкіл үйді шарпыды. Өрт сөндіру бригадасы келгенге дейін полиция қызметкерлері өрт сөндіру үшін терезеден қар кіргізе бастады.
– Ойлануға уақыт болмады. Түтін бөлмесінде бір әйелді көрдім. Алдымда бір ғана мақсат тұрды. Қалай болғанда да оны құтқару. Әрине, осы шаруа қолдан келді », – дейді Жанат Меңдіғалиев. Жедел жәрдем күтпей, полиция 54 жастағы әйел мен оның 52 жастағы інісін аудандық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер олардың көміртегі тотығымен уланғанын айтады.
Жанат Меңдіғалиев өткен жылы Таранов ауданының полиция бөлімінде, Қостанай академиясын бітіре сала жұмысқа орналасқан еді. Әріптестерінің айтуынша, полиция лейтенанты қарапайым, бірақ, бойында батылдық қасиеттері бар.
Өрттің шығу себебі анықталуда.