Автобус жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды
Шымкенттік полицейлер автобус жүргізушісін ұрған ер адамды ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында Қаратау ауданы Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс- шараларын жүргізу барысында жолда туындаған жанжалда жолаушылар автобусының жүргізушісін ұрған жеңіл автокөліктің жолаушысын ізін суытпай анықтап, ұстады.
Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, «Volkswagen Golf» маркалы автокөлігі мен «Кіа Comby» маркалы автобустың жүргізушілері өзара жолды бөлісе алмай, салдарынан жанжал туындаған. «Volkswagen Golf» автокөлігінің жолаушыларының бірі автобус жүргізушісінің бет тұсына бірнеше рет соққы жасап, жеңіл көлік жүргізушісі мен жолаушылары оқиға орнынан асығыс кетіп қалған. Жәбірленуші тез арада полицияға болған жағдайды хабарлаған.
Аталған жайт Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Сараптама тағайындалған. Ұсталған азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Әрекеттің онша ауыр еместігін есепке ала отырып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Шымкент қаласының полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға, жол қозғалысының қатысушыларын құрметтеуге шақырады.