Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлап,көлік сатып алған күдікті анықталды

Түркістан облысында малдарды ұрлап, түскен табысқа көлік сатып алған күдіктілер құрықталды,-деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Келес аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындар полиция бөліміне келіп, 17 ұсақ мал мен 2 ірі қараның жоғалғанын айтып, арызданады. Бұл жайтты полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркейді. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 1,5 миллионға жуық теңгені құрайды.

Жоғалған малдарды өз бетімен іздеп, алайда еш нәтиже шықпағаннан соң, жәбірленушілер полицияның көмегіне жүгінген.

Аудан тұрғындарының күнкөріс көзіне айналған малдарын жымқырып,әбден мезі еткен күдіктілерді құрықтау үшін полицейлер түнгі жорықтарды жиі ұйымдастырып, ауыл аймақты аралап, тінту жұмыстарын күнделікті жүргізді. Ақыры аталған жайттарды іске асырған екі күдікті ұсталды. Белгілі болғандай олар бірнеше рет мал ұрлап, одан түскен пайдаға жеңіл көлік сатып алған. Содан соң ол көлікті тағы да басқа ұрлық әрекеттеріне пайдаланған. Осылайша олар алған көліктеріне орта салмақты ірі қараларды, бірнеше ұсақ малдарды салып алып, облыстың басқа аудандарының базарларында сатып отырған.

Ұсталған екі күдіктінің бірі Сарыағаш қаласының тұрғыны бұрын «тонау», ал екіншісі Жетісай ауданының тұрғыны «ұрлық» баптарымен соты болған. Аталған істі тексере келе полицейлер екі күдіктінің ұрлаған малдарын сатып алып отырған сатушыны да ұстады.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Сақшылар олардың тағы да басқа қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін екендігін тексеріп жатыр. Сондықтан сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тәртіп сақшылары соңғы ұрланған 3 ұсақ малды тәркілеп, заңды иелеріне қайтарып берді.

Келес ауданының тұрғындары полиция бөліміне келіп, полицейлердің нәтижелі жұмыстарына алғыстарын білдірді.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде ауыл тұрғындарына үй малын қараусыз қалдырмау керектігін еске салады. Сондай-ақ, мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шаруашылыққа жарықтандыру және сенімді қоршау орнату қажеттігін айтады. Үй малын уақытылы таңбалап, сондай-ақ мал бағу үшін сенімді бақташыны жалдаған дұрыс. Төрт түлігіңіз жоғалса немесе ұрланса өз қалауыңызбен іздеймін деп уақыттарыңызды жоғалтып алмай, полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру