Тергеу изоляторына ақша өткізгісі келген
Атырау облысындағы УГ-157/1 мекемесінде тергеу изоляторына ақша кіргізгісі келген азаматтың әрекеті әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы – “Алаяқтық” бойынша айыпталушыға тергеу изоляторларының қабылдау бөліміне тамақ пен киім әкелінген. Заттарды тексеру барысында шалбардың артқы қалтасынан 45 мың теңге табылды.
– 25 жастағы жергілікті тұрғын ақшаны заңсыз өткізгісі келген. Бізде ақша беруге, қабылдауға және ұстауға тыйым салынады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы – “Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды, бұйымдар мен заттарды беру” бойынша хаттама жасалып, шешім шығару үшін сотқа жіберілді, – деп хабарлайды УГ-157/1 мекемесіндегі режим және күзет бөлімінің басшысы Дәулет Рахметов.