Түрмеде ұлды болған жұп
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздік жағдайы төмен мекемесінде (қоныс-колония) жазасын өтеп жатқағ жұп ұлды болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сергей мен Светлана колонияда танысқан. Былтыр неке қиып, отбасын құрған еді. Қамақта жүріп бала сүю туралы шешім қабылдапты.
Өз кезегінде мекеме әкімшілігі де жас ата-ана қоғамның толыққанды мүшесі болсян деп қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр.
«Әрбір ана үшін өмірдегі ең құнды сыйлық – бала. Бұл жерде (ҚАЖ мекемесінде), мен үшін және менің балам үшін өмір сүруге, баланы күтуге барлық жағдай жасалды, ол үшін мекемеге ризамын», – дейді Светлана.
Отбасы — адам баласын, соның ішінде сотталғандарды түзу жолға қалыптастыратын негізгі фактор екені белгілі. Себебі отбасы жауапкершілік пен сенімділік сезімін арттырады.
Жас отбасыны құттықтау үшін мекеме өкілдері мен сотталғандардың туыстары перзентханада гүлмен және шармен салтанатты түрде қарсы алды.
«Бұл мекеме әкімшілігі үшін қуанышты сәт екенін ұмытпау керек. Жазасын өтеп жатқан адамдар үшін – отбасын құру және бала сүю – өмірге ынталандыратын дүние. Ол үшін біз өз тарапымыздан барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», – дейді ОВ-156/22 мекемесінің басшысы Қанат Ярулин.