Құдықтан жігіттің мәйіті табылды
Алматы облысында айуандықпен өлтірілген жігіттің өлі денесі құдық ішінен шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды қолға түсірді. Құдықтан адам мәйіті табылғаны туралы хабарды Іле аудандық полиция басқармасының өкілдері 11 наурыз күні алған. Оқиға Жаңа дәуір кентінде болып отыр. Денедегі іздерден марқұмның айуандықпен өлтірілгені көрінеді.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-тергеу тобы марқұмның кім екенін де анықтап үлгерді. 57 жастағы азамат шаруа қожалықтардың бірінде жұмыс істеген.
Қылмыскерді іздей келе полицейлер тұрғылықты жері жоқ 25 пен 42 жастағы екі адамнан күдіктеніп отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, күдіктілер марқұмды өлтіріп, әйелін зорлағандарын мойындады.
Ішімдік ішіп, мастықтың буымен таңғы 5-тер шамасында үйлердің біріне баса-көктеп кіріп барған. Үй иесін ұрып-соққан екеу әйелін де зорлап тыныпты. Кейін олар ерлі-зайыптыны ауыл сыртындағы кәріз жүйесінің құдығына тастап, қорлауын қоймаған. Үйдің қожайыны алған жарақатынан құдық ішінде қайтыс болса, қаскүнемдерден қашып шыққан әйелі полицияға хабар беріп үлгереді.
Жедел-іздестіру іс- шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің бірін ізін суытпай анықтап, екіншісін де қолға түсірді. Екеуі де қазір қамауда. Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігі «Зорлау» , 121-бабының 1-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркелді. Адам өлтіру дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы «Адам өлтіру, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған» бойынша қайта сараланды.