Пробация қызметкерлері маска таратты
Шығыс Қазақстан облысында пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған сотталғандарға маскалар таратып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты ҚР Президенті елде төтенше жағдай енгізген болатын.
Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің қызметкерлері де бірқатар қорғаныс шараларын қабылдады.
Қазіргі уақытта пробация қызметінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарады. Есепте тұрған сотталғандарды мекен жайы бойынша тексеру жұмыстары кезінде және сотталғандардың пробация қызметіне кезекті тіркеуге келген кезде пробация қызметінің қызметкерлері антисептик және бет пердені тегін таратуды қолға алды.
Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметінің басшысы Жасұлан Ариновтың айтуынша, қызметкерлермен сотталғандар арасында төтенше жағдай және карантин кезіндегі шектеулер туралы тексеру және мақсатты түсіндіру жұмыстарын және олардың құқық бұзушылық жасауына жол бермеу туралы төтенше жағдай кезінде алдын алу әңгімелері жүргізілгенін айтып өтті.