Түрмеде дайындалатын тағамның сапасы тексерілді
Ақтөбеде сотталғандарға дайындалатын тағамның сапасы тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168\2 түзеу мекемесінде облыстық қоғамдық бақылау комиссиясы болды.
Аталған тексеру тобы өздерінің жұмыс жоспарына сай, жазасын өтеуші сотталғандардың тамақтану сапасын тексерді. Түзеу мекемесінің ас мәзірімен танысып, сотталғандарға берілетін астың құрамын тексеріп, дәмін татып көрді.
Түскі ас кезінде комиссия тобы сотталғандармен жүздесіп, күнделікті ішіп жүрген астарының сапасы туралы пікірлерін сұрады.
-Өзіміз көргендей, мекемедегі тамақтың сапасы өте жақсы. Бірінші және екіншіге ұсынылатын тамақтардың дәмін татып көрдік, үйдегідей өте дәмді дайындалған. Асүйде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. Бұған дейін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың тамақтану сапасына қатысты бізге ешқандай шағымдар түспеді,- дейді Ақтөбе облысының қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Бақтығұл Қанатов.