Пост-бекеттерде 300 көлік пен 500 жолаушы тексерілді
Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы пост-бекеттерінде 300-дей көлік пен 500 жолаушы тексеруден өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыздың 18-нен бастап бұл ауданда 3 бекет орнатылған.
Бәйдібек ауданына кіреберіс Жамбыл облысымен шекаралас Борылсай ауылдық округіне қарасты Кеңсай ауылында «Кеңсай» бекеті, Боралдай ауылдық округіне қарасты «Қызылсай» бекеті, Бөген ауылдық округіне қарасты «Екпінді» блок-бекеттері қойылып, жол бойынан өтіп-жатқан әрбір көлік бақылаудан өтіп жатыр. Бұл бекеттерде полицейлер мен медицина мамандары арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізеді.
Аудандық полиция қызметкерлері тарапынан аталған орындарда тәулік бойы еліміздегі коронавирустың алдын алып, ауданға таратылуын болдырмау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Соның нәтижесінде аталған аудандағы блок-бекеттерде 300-ге тарта автокөлік пен 500-ге жуық жолаушы тексерілді. Полицейлер сағат сайын бақылау жасап, кезекшілікпен күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәулік бойы демалыссыз бекеттерде тұрған полиция және медицина қызметкерлерінің жұмысы оңай емес.
Оған қоса, арасында кейбір тұрғындарымыз блок-бекеттегі қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, уақытты алатын, күткісі келмейтін жағдайларда болып жататын көрінеді. Сондықтан облысымыздың әрбір тұрғынына төтенше жағдай кезіндегі шаралардың толық іске асуына қолдау білдіріп, қауіпсіздік шараларын қамданыңыздар деп ескертеміз.