Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жалған ақпарат таратушылар көбейіп тұр

Қызылордада жалған ақпарат тарату дерегінің саны онға жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында тағы жалған ақпарат таратқан екі адам анықталды.

Бірінші дерек бойынша WhatsApp желісі арқылы “нақты аты-жөнін айтып, ауырмаған аудан тұрғыны коронавирус ауруына шалдығыпты, естіп жатсындарма” – деген  аудиожазбаны белгісіз азаматтың таратып жатқаны туралы арыз келіп түскен.

Екінші дерек те WhatsApp желісі арқылы “Қазалы ауданы Жаңқожа ауылының тұрғыны короновирус індетін жұқтырғаны туралы, қазіргі уақытта қалтырап ауырып жатқандығы және Жаңқожа ауылының тұрғындары үйлерін тастап ауылдан қашып жатыр” деп аудиожазбаны белгісіз адам таратты.

Бұл деректер дереу тексеріліп, жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде мессенджер арқылы жалған ақпарат таратқан Қызылорда облысы Сырдария ауданының 36 жастағы тұрғыны мен  Қазалы ауданының 55 жастағы тұрғыны анықталды.

Ұсталған күдіктілер өз әрекеттерін толық мойындады.

Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4 бөлігімен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Полиция қызметкерлері аймақ тұрғындарын төтенше жағдай кезінде жалған ақпараттарды таратпауды, күнделікті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, арандатушыларды анықтау жұмыстары үнемі жүргізіліп жатқандығын қатаң ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру