Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Демалыс" ЖПІШ: Қызылорда облысында 300-ге жуық заң бұзушылық тіркелді

Қызылорда облысында 26-28 наурыз күндері өткен "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтер жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған шараға құқық қорғау органдарымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және қоғамдық даму саласының өкілдері, жастар ресурстық орталығы мен прокуратура қызметкерлері жұмылдырылды. Жалпы саны 474 маман қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен ешқандай қылмыс тіркелген жоқ. Алайда 298 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Оның ішінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 22 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуына жол берген кәсіп иелеріне қатысты да шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз жүрген 260 жасөспірімнің ата-аналарына тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 13 ата-ана профилактикалық есепке алынды.

– Қазіргі таңда жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстар қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне тікелей өзі жауапты екенін ұмытпауы тиіс, – деді Ердәулет Жаукеев.

Спикер қоғамды заң мен тәртіпті сақтауға шақырып, бұл қағиданың негізі ең алдымен әр отбасының жауапкершілігін терең түсінуден басталатынын атап өтті.

Оның айтуынша, бала тәрбиесі тек білім беру мекемелерінің немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, ең алдымен ата-ананың басты міндеті. Сондықтан әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оның қайда және кіммен жүргенін бақылауда ұстап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беруі қажет.

Жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру және заңға құрметпен қарауға үйрету — қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың маңызды кепілі.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру