Көкшетауда курсанттарға есірткінің зардабы түсіндірілді
Көкшетауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға арналған республикалық және өңірлік кеңес мүшелері мен ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары арасында диалог алаңы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Іс-шара құқықтық ағартумен қатар, болашақ құтқарушылардың бойында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға, өз болашағына саналы көзқарас пен жеке жауапкершілікті нығайтуға бағытталды.
Курсанттар алдында республикалық кеңес мүшесі, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамалық кеңесінің мүшесі Абзал Бекбосынов сөз сөйледі. Ол Конституцияның негізгі қағидаларын түсіндіріп, кәсіби қызметте адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ есірткімен байланысты ортаға араласпау және заңсыз айналымға қатысудың алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды.
Диалогқа өңірлік кеңес төрағасының орынбасары, Ақмола облысы бойынша "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сұлтанбек Бекешев және кеңес мүшесі, облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Сұлушаш Бекмағанбетова, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Разия Курсанова қатысты. Ол есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік туралы айтып, заңнамадағы өзгерістерді түсіндірді. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдарын нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Кездесудің әсерлі бөлігі – оңалту орталығы еріктілерінің, тәуелділіктен айығу жолынан өткен азаматтардың сөз сөйлеуі болды. Олар өз өмірлік тәжірибелері арқылы есірткінің зардабы мен дұрыс таңдау жасаудың маңызын көрсетті.
Ашық диалог барысында қатысушылар жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, теріс әсерлерге қарсы иммунитет қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерін талқылады. Мұндай кездесулер – жастардың саналы таңдау жасауына ықпал ететін маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі.
