Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар мекенжайлары бойынша тексерілді
Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар мекенжайлары бойынша тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қызылорда қаласы прокуратурасы мен қалалық пробация қызметінің ұйымдастыруымен "Айқын нәтиже" жобасы аясында профилактикалық рейд өткізілді.
Іс-шара барысында пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы зерделенді. Негізгі мақсат – сотталғандардың белгіленген міндеттерді орындауын бақылау, қайталама қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ оларды қоғамға қайта бейімдеп, қажетті әлеуметтік қолдау көрсету.
Рейд барысында азаматтарға құқықтық және медициналық көмек алу, жұмыспен қамтылу, құжаттарын реттеу және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша түсіндірме берілді. Сонымен қатар сотталғандарға заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және пробация қызметімен белгіленген тәртіпте байланыста болудың маңыздылығы түсіндірілді.
Қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариеваның айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызы зор.
- Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету. Сондықтан біз тек бақылау жүргізумен шектелмей, олардың әлеуметтік мәселелерін анықтап, тиісті мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен бірлесіп шешуге күш саламыз. Әсіресе жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, құжаттарын рәсімдеу, медициналық көмек алу және құқықтық кеңес беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, – деді Гүлнұр Байсариева.
Рейд барысында анықталған әлеуметтік мәселелер бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылып, азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар пробация есебіндегі азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, тұрақты өмір салтын қалыптастыруына және қайталама қылмысқа жол бермеуіне ықпал етеді.
