Тараз жұрты Халық Қаһарманын еске алды
Таразда «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовты еске алу шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтарды құтқару жолында, бейбітшілік пен тыныштық үшін өз өмірін құрбан еткен көптеген полиция қызметкерлерінің есімі ҚР Ішкі істер министрлігі тарихында жазулы тұр. Олар ұрпақ жүрегінде мәңгі қалары даусыз. Опат болғандардың қатарында полиция капитаны Ғазиз Байтасов та бар. Ол 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған теракт кезінде қаза тапқан болатын.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін Халық Қаһарманы атағы берілді.
Бүгін «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың туған күні. Тірі болғанда елі үшін жанын берген азамат 49 жасқа толар еді.
Осыған орай, 2020 жылдың 3 сәуірінде Тараз қаласы Полиция басқармасының саптық алаңында ҚР Мемлекеттік туын көтеріп, Мемлекеттік Гимн орындалып, батырды еске алу шарасы өтті.
Аталған іс-шараға Тараз қаласы Полиция басқармасы жеке құрамы мен жас мамандары қатысты.
Жиын барысында батыр полицейдің ерлігін дәріптеу және оқиға болған күн туралы жас мамандарды ақпараттандыру мақсатында Тараз қаласы ПБ басшысының орынбасары С.Сексенбаев баяндама жасап, өз сөзінде: «Халық Қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасов қауіпсіздікті сақтау ісінде нағыз отансүйгіштігін дәлелдеген полицей және лаңкес бейбіт азаматтарға оқ жаудыра бастағанда, ойланбастан оларды құтқару үшін өзін құрбан еткен. Оның ерлігі мен қызметіне деген адалдығы кейінгі жастарға ұмытылмас өнеге болары анық» -деп атап өтті.
Іс-шара әріптестерінің батырды еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялауымен аяқталды.
Сонымен қатар, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың бюстіне және қаза болған жеріне гүл қойылды.