Карантин ережесін бұзған жасөспірімдер ұсталды
Петропавлда карантин ережесін бұзған кәмелетке толмаған бес жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 сәуір күні кешкі сағат жетілердің кезінде Жұмабаев пен Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысында 16 жастағы бойжеткенді полиция жасағы тоқтатты. Жасөспірімнің сөзінше, ол өз үйінен туыстарына бара жатқан. Солтүстік Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантин уақытында кәмелетке толмаған тұлғаның ересектерсіз жүруі қойылған талаптардың бұзушылығы болып табылады. Нәтижесінде мектеп оқушысы қалалық Полиция басқармасына жеткізіліп, анасы шақыртылды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал мамандандырылған әкімшілік сотқа жөнелтілді.
3 сәуір сағат 17.00-дегі жағдай бойынша Петропавлда кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруімен байланысты бес бұзушылық тіркелді. Әр оқиға бойынша тексеру жүргізіледі, хаттама толтырылады. Полицейлер ата-аналардың жергілікті биліктің талаптарына жауапкершілікпен қарап, төтенше жағдай кезінде балалардың ересектерсіз жүрулерін доғаруды сұрайды. Бұл шаралар коронавирустық инфекцияның облыс орталығының ішінде таралмауының алдын алуға бағытталған.
Естеріңізге салайық, Солтүстік Қазақстан облысында 3 сәуір сағат 17.00-ге дейін коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 18 жағдайы тіркелді. Олардың жетеуі бір күнде анықталды, төртеуі – облыс орталығында.