Жоғалған атыраулық жасөспірімді полицейлер анасына тапсырды
Атырау полицейлері жоғалған баланы іздеп тауып, анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы селосының тұрғыны 15 жастағы ұлының үйінен шығып кетіп, оралмағанына төрт күн болғаны туралы арызданды.
Сол бойда аудан полиция бөлімінің, округтердегі полиция бөлімшелерінің барлық жеке құрамы жұмылдырылып, кәмелетке толмаған баланы жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Топ-топ болып бөлінген сақшылар ауданның ауыл-селоларын, далалық жолдарды түгел қамтиды.
Арада ұзамай, полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы А.Сарсенғалиев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Б.Байжан, патрульдік полиция аға инспекторы Ж.Аманжолов, анықтаушы О.Еламан, жедел уәкіл Ш.Наурызғалиев баланы Миялыдан 4-5 шақырым жердегі далалықта, ауылға апаратын жол бойынан тауып, анасына тапсырды.
44 жастағы әйелдің айтуынша, ұлының үйде жоғына алғашқыда қатты мән бермеген, атасына кеткен болар деп ойлаған. Өйткені, бұрын да үйдегілерге айтпастан, аудан орталығынан 100 шақырым жердегі «Қарабаудағы» атасының үйіне жиі кетіп қалатын. Бұл жолы да солай болар деп ойлаған. Бірақ, телефон шалғанда оның келмегенін айтады. Болып қалар деген болжаммен барлық туған-туыстарынан сұрастырып, төрт күн бойы іздеп таппаған соң полицияға жүгінген.
Ювеналды полиция тобының инспекторлары, арнайы психолог мамандар баламен сөйлесіп, дәрігерлер баланың денсаулығын, дене жарақаттарының бар жоғын тексерді. Полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Баланың айтуынша, үйінен шығарда жылы киімін, асылмалы сөмкесіне азық үшін тамағын да алып шыққан. Күндіз далалықта серуендеп, түнде таныс достарының үйілеріне қонып жүріпті.Қызылқоға ауданы полиция бөлімі қызметкерлеріне ұлын бір кісідей жұмыла іздеп, сол бойда тауып бергендеріне риза болған анасы алғысын білдірді.