Жамбыл облысының ПД мұражайында сирек кездесетін тарихи жәдігер сақталған
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мен бүкіл әлем бойынша 18 мамырда аталып өтілетін Халықаралық мұражайлар күніне орай Polisia.kz сайтының тілшісі Жамбыл облысы Полиция департаментінің мұражайындағы бір жәдігердің ерекше тарихын баяндайды.
КСРО-да 1947 жылдан 1961 жылға дейінгі аралықта Молотов қаласының (қазіргі Пермь қаласы) патефондық зауытында шығарылған «ПТ-3» маркалы көне патефон осыдан үш жыл бұрын, Қазақстан полициясының 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Жамбыл облысының ПД мұражайында пайда болды.
Тергеу басқармасының қызметкерлері хабарландыру бойынша Ресейге қоныс аудармақ болған отбасыдан сирек кездесетін музыкалық аспапты сатып алмақ болған. 2016 жылы 92 жасында өмірден өткен милиционер аталарына бұл патефон сонау 1957 жылы үздік қызметі үшін сыйлық ретінде берілген екен.
Атасы ішкі істер органдарының ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Петр Вербицкий болып шықты. ҰОС және ІІО ардагері өмірінің соңғы күндеріне дейін полицейлердің жас буынына адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ісіне белсене атсалысқан болатын.
Вербицкийдің фотосуреті «Олар Отан үшін шайқасты!» атты басты стендтердің бірінде ілулі тұр. 2017 жылы 23 маусымда жаңартылған мұражайдың салтанатты ашылған күні, аты аңызға айналған атасы, отставкадағы милиция полковнигі, қылмыстық іздестіру қызметінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған Петр Вербицкийдің құрметіне оның отбасы осы патефонды мұражайға тапсырды.
Жуырда атап өтілген Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында бұл мұражай жәдігері тағы да үлкен маңызға ие болды.