СҚО-да пранкер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Петропавлда кезекті хайп жасамақшы пранкерге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды., – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті пабликтерде қала базарларының бірінде «Chevrolet TrailBlazer» автокөлігінің алдыңғы әйнегін сындырып жатқан жас жігіттің фотосы пайда болған. 20 жастағы қала тұрғыны өзіне және әлеуметтік желідегі аккаунттарына көпшіліктің назарын аудару үшін барын салып жатыр.
Биыл жыл басында жігіт досымен бірге облыс орталығының көшелерінде үрлемелі матрацпен сырғанап, провокациялық бейне роликке түскен болатын. Алайда, видео жас пранкерлер ойлағандай танымалдылық жинай алмады. Әлеуметтік желілердің әкімшілері және журналистер видеоға ешқандай сілтеме жасамай, бұндай әрекеттерге қатысты көзделген жауапкершілік туралы ойларымен бөлісті.
Мақсаттарына қол жеткізе алмаған пранкерлер, оның ішінде көлік жүргізушісі де бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қалалық Полиция басқармасында
екі жігіт өздерінің, жол қозғалысы қатысушыларының өмірлеріне қауіп төндірген трюктері үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.
Петропавл қалалық ПБ басшысының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, ұсақ бұзақылық фактісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 2-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік материал жиналды. Бұл бап санкциясында 15 тәулікке дейін бас
бостандығынан айыру көзделген.
Полицейлер заңнамен белгіленген шараларды қабылдады. Сот шешімімен оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.