Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушылықтар анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер үш күн ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында 101 құқық бұзушылық анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері мамырдың 22 мен 24 аралығында өткен «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Үш күн ішінде тұрғылықты мекен-жайлары бойынша үш мыңға жуық есептегі адам тексерілді. Оның ішінде маскүнемдер, нашақорлар, тұрмысы қолайсыз отбасылар және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар.
– Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсетуге дайын, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Отбасыдағы жанжал қылмыстың жасалуына алып келмеуі керек. Үйде жәбір көрген әйелдер көп жағдайда өмірлеріне салғырттық танытып жатады. Бұған дәлел жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында облыс бойынша 101 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішіндегі тек жетеуі ғана «102» арнасы және кезекші бөлімдер бойынша тіркелген. Қалған фактілер учаскелік полиция инспекторларымен тексеру кезінде анықталған.
Көп жағдайда әйелдер жұбайларының көзінше проблемаларын айтуға жасқанады. Дей тұрғанымен, полицейлер барғаннан кейін жүгінушілердің саны арта түседі. Дәл осылай Петропавл қаласының ықшам аудандарының бірінде тұратын әйел жүгінген. Үй-үйді аралау кезінде жасы 30 маңайындағы әйел полицейлерге соққы іздерін құлағаннан болған деп түсіндірген, алайда, кейін учаскелік инспекторға хабарласып, отбасыда жәбір көретінін айтып берген. Жұбайы оның ізін аңдып, телефонын тексереді екен. Жәбір көрген әйелдер өз проблемасымен ашық бөлісуі үшін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының маманына арнайы байланыс арнасын әзірлеуге тура келді. Тәртіп сақшылары бірден полициямен өзара іс-қимыл жасайтын және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінде көмек көрсететін қоғамдық ұйымдарға хабарласқан. Жәбірленушіге әйелдерді қолдау орталығына орналасу, жұмыспен қамту орталығы арқылы оқудан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды. Енді оған өмірін өзгертуге тек бір қадам – полицияға өтініш жазу ғана қалды, полицейлер алгоритм бойынша көмек көрсететін болады.
Жалпы «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде полицияның профилактикалық және тізімдік есебіне 439 адам қойылды, оның ішіндегі 29-ы тұрмысы қолайсыз отбасылардан, 92-сі маскүнем, 26-ы нашақор. 167 қорғау ұйғарымы шығарылып, сотпен 57 адамға жүріс-тұрысқа қатысты ерекше талаптар белгіленді. 743 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 332–сі спирттік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орында масаң күйде жүру.