СҚО полицейлері интернет-алаяқтықты ашты
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері желісі ұқсас, бірақ арасына үш ай салынып жасалған екі интернет-алаяқтықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айының соңында Петропавл қаласы Полиция басқармасының бірінші полиция бөліміне «OLX» сайты арқылы жұмыс іздеу кезінде белгісіз біреулердің оны алдап, сегіз мың теңгесін иеленгені жөнінде облыс орталығының 39 жастағы тұрғыны жүгінді.
Өтініш беруші жарнамасын орналастырған соң, телефон нөміріне ер адамның қоңырау шалып, жеке жүргізушісі болып жұмысқа орналасуын ұсынғанын айтты. Бір шарты медициналық тексерістен өткені туралы анықтама қажет, оны жедел түрде алу үшін телефонға 8000 теңге ақша аудару керек болған. Үміткер жұмысқа орналасу үшін ақшасын салып, жұмыс берушіге хабарласса, нөмірі сөндірулі болды.
Дәл осындай түрдегі интернет-алаяқтық мамыр айының басында да тіркелді. «Маркет» сайты арқылы жұмыс іздеген 57 жастағы петропавлдыққа «Газель» автокөлігіне жүргізуші болуды ұсынған. Жеделдетілген түрде медициналық анықтама алу үшін 10 мың теңге сұраған. Бұл жолы да ер адам ақша салғаннан кейін «жұмыс берушінің» телефоны өшірілген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында СҚО Полиция департаменті криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық жасаған күдіктілерді анықтады. Олар бірін-бірі танымайтын Павлодар облысының екі тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 153 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
– Сенгіш желі пайдаланушыларының ақшасын иемдену үшін алаяқтар түрлі схемалар мен сценарийлерді қолданады. Біз тұрғындардан қандай да бір қаржылық операциялар жасаған кезде асығыс шешім қабылдамауды, интернет-банкингті қолданған кезде әр қадамды мұқият тексеруді сұраймыз. Қандай жағдай болмасын ешкімге өздеріңіздің жеке деректеріңізді: PIN-кодтарды, парольдерді, логиндерді бермеу керек. Тауар сатып алған кезде интернет-сатушылардан бейне шолулар жасауды сұрап, олардың желіде өздерін көрсетулерін зерделеп, адамдардың жазған пікірлерін мұқият оқып шығуларыңызды сұраймыз, – дейді Руслан Назаров.