Түркістандық полицейлер жол қауіпсіздігі ережесінің сақталуын қатаң бақылауға алды
Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалап, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдің қорғаны болған полицейлер осы бағытта күнделікті қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, 1 маусымнан бастап Түркістан қаласындағы Тәукехан даңғылында орналасқан орталық «Қуаныш» базары аумағындағы кептелісті азайтып, қауіпсіздікті жандандыру үшін темір қоршаулар қойылған болатын.
Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінің айтуынша, бұл халық көп шоғырланатын аумақта жол қозғалысын реттеуге, одан бөлек жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмауға ықпал етпек.
Тұрғындарға ескерте кетер жайт, тәртіп бұзып темір өткелден асып өткен жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, денсаулығыңыз, өміріңіз үшін қауіпті әрекетке бармаңыз. Әрқашан тек белгіленген орындармен жүріп, тәртіпке бағыну қажет.