Ювеналдық полицейлер балалардың жолда жарақат алуының алдын алып жатыр
Петропавлдық ювеналдық полицейлер балалардың жолда жарақат алуының алдын алып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ювеналдық полицейлер “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолдағы тәртіпті күшейту жұмыстарын жандандырды. Олар облыс орталығындағы жолдарға шығып, жол қозғалысына қатысушы кәмелетке толмағандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көрнекі кітапшалар таратты. Петропавлда жыл басынан бері жол-көлік оқиғасының салдарынан 11 бала зардап шекті. Бұл оқу жылы барысында, сондай-ақ демалыс кезінде жол жүрісі ережесін ұдайы түсіндіріп отыратын ювеналдық полиция қызметкерлерінің алаңдатушылығын тудырып отыр.
– Профилактикалық шараларға қарамастан балалардың жолда жарақат алу фактілері орын алуда. Біз қатаң түрде жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақыра отыра, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе велосипед, электросамокаттар, құлаққап тағып жүру қауіпті екенін естен шығармаған жөн, – дейді Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция тобының бастығы Эльмира Абушева.
Осы аптада жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 жасар қыз бала зардап шекті. Досмұхамбетов пен Ленинградский көшелерінің қиылысында оны «Subaru Legacy» автомашинасы қағып кеткен. Оқиға салдарынан алған жарақатымен оқушы облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 610-бабы 2-бөлігі «Көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруі» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Процессуалдық шешім қабылдау үшін сот органдарына жіберілді.
Сонымен қатар, қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері ересектер мен балаларды су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.