Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері 150 миллионнан астам теңге тұратын жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Түркістан облысының үш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Тергеу барысында ұсталғандардың бір жарым жыл бойы 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Жалпы барымташылар облыстың Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарының жайылымдарынан жылқы ұрлап отырған.

Осылайша, полицияға ондаған ауыл тұрғындары өздерінің малдарын жайылымнан белгісіз тұлғалар айдап әкеткені туралы арыз түсірген.

Жәбірленушілердің бірі полицейлерге өткен жылдан бері мал ұрылары оның 25 жылқысын жымқырып кетіп, өзіне 12 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін хабарлаған. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» және 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелген.

Барымташыларды ұстау мақсатында Түркістан облысының ПД-нің криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй малдарын сату және сою орындарын, сондай-ақ алыс шаруа қожалықтары мен жайылымдарды тексерді. Жедел уәкілдер жиналған ақпарат көздері негізінде аталмыш мал ұрлықтарын бір қылмыстық топтың істеуі мүмкін деген болжам жасаған.


Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданының екі тұрғынын ұстады, оның бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында жедел уәкілдер тағы да қатысушының ізіне түсті, олар ұрланған жылқыларды сатып алушылар. Белгілі болғандай, барымташылар жайылымнан жылқыларды ұрлап, қораларында жасырын бағып, содан кейін олардың сырғаларын ауыстырған және жылқыларды базарға немесе етке өткізіп отырған.


Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды: оның жеті дерегі Қазығұртта, бес дерегі Сарыағашта және екі дерегі Төлеби аудандарында. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 миллионға жуық теңгені құрады. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Сондай-ақ, жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің үйінен екі дана қару мен сегіз түп қарасора тапқан.


Аталған жайттарға байланысты ҚР ҚК-нің 3-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: 188-бап «Ұрлық», 287-бап «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» және 300-бап «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру». Бес күдіктінің екеуі қамауға алынды, біреуі кепілмен шығарылды, екеуі қолхатта. Тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр. Қазіргі таңда қылмыстық іс Түркістан облысы ПД-нің өндірісінде және департамент бастығының қатаң бақылауына алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру