Ішкі істер министрі ІІМ жоғары оқу орындарының түлектеріне погондар табыс етті
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік погондар тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәстүр бойынша Астана күні қарсаңында әскери және құқық қорғау жоғары оқу орындарының үздік түлектері еліміздің Елордасына алғашқы офицерлік лейтенант атағын тапсыру үшін шақырылды.
ІІМ Алматы, Қарағанды және Қостанай академияларының, Ақтөбе заң және Көкшетау техникалық институттарының, сондай-ақ Ұлттық ұлан Әскери институтының оқу үздіктері ведомство басшысы табыстаған лейтенант погондарымен үлкен өмірге қадам басты.
Министрдің үздік түлектермен кездесуі барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
– Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері кез-келген сәтте денсаулығы мен өміріне қауіп төнсе де, азаматтар мен қоғамды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға дайын. Ішкі істер министрлігі мақтан тұтатын мұндай батырлық әрекеттер аз емес. Тек жыл басынан бері үлгілі қызмет атқарғаны және қызметтік борышын мінсіз орындағаны үшін ішкі істер органдарының 141 қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болды, – деді Ерлан Тұрғымбаев түлектермен кездесу барысында.
Министр алдағы уақытта марапатталғандардың қатарында 2020 жылғы түлектер де болады деп сенім білдірді. Ал оқу орындарының қабырғасында алынған білім мен моральдық-психологиялық дайындық жас қызметкерлердің әлеуетін іске асыру мен дамыту үшін негіз болады.
– Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарын толықтыра отырып, сіздер елдегі құқықтық тәртіпті, біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге лайықты үлес қосатындарыңызға, Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін абыройлы қызмет ететіндеріңізге сенемін, – деп атап өтті ІІМ басшысы.
Ведомстволық білім беруді жаңғырту шеңберінде оқу орындарын оңтайландыру жүргізілді. Бүгінде ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан үшін мамандар даярлау ІІМ-нің бес жоғары оқу орнында жүргізіліп келеді. Бұл академияға түсу кезеңінде талапкерлер арасында сапалы іріктеу жүргізуге, сондай-ақ ІІО-ның болашақ қызметкерлерін даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік берді.