Азаматтардың демалыс орындарында шектеу шараларын сақтауы бақыланатын болады
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын күшейтуге көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күннің күрт жылынуына байланысты әдеттегідей адамдардың жаппай шомылу орындарына баруы байқалады. Азаматтар әсіресе демалыс күндері сыртқа шығуды жиілеткен.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері санитарлық дәрігерлермен, жергілікті әкімдік өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп, демалыс орындары мен адам көп жиналатын жерлерде тексеру шараларын бастап кетті. Шомылатын орындар, жағалаулар, саябақтар, скверлер мен көңіл көтеретін орындарға рейд шаралары ұйымдастырылуда.
Қоғамдық орындар мен көшелерді жаяу патрульдеу үшін жасақтар саны көбейтілді.
Орманды саябақтар, қаланың сыртқы аймақтары мен криминогендік ахуалы тұрақсыз жерлерді бақылау үшін кинологиялық қызметтер жұмылдырылып отыр.
Ішкі істер министрлігі әр өңірдегі бас санитарлық дәрігердің нұсқауын және белгіленген шектеу шараларын мүлтіксіз орындауға шақырады.
Азаматтардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін 30 АЕК, заңды тұлғалар үшін 230-дан 1600 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылған.
ІІМ барлық қабылданған шаралар тек азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға бағытталғанын еске салады.