Түркістан облысында дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сатқан тұрғындар анықталды
Түркістан облысының полицейлері дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатудың кезекті фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде жоғары сұранысқа ие дәрілік заттарды сату фактілерін анықтау бойынша кезекті рейдке шықты. Күн сайын полицейлер, денсаулық сақтау және жергілікті органдар өкілдерінен тұратын мобильдік топтар негізсіз жоғары бағамен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың жолын кесу бойынша мониторинг пен рейдтік іс-шараларды жүзеге асырады. Бұдан бөлек, мобильдік топтар карантин кезінде бетперделік режимін және басқа да санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтау үшін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мысалы, Арыс ауданында мобильдік топ дәріханалардың бірін тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл дәріхана санитарлық нормаларды сақтамаған, талапқа сай келмейді, азық-түлік дүкенімен бір ғимаратың ішінде орналасқан. Дәріхана қызметкері дәрі-дәрмектер тиісті лицензиясыз сатқан. Тексеру барысында мобильдік топ сатушыдан 400-ге жуық орамнан 140 түрлі дәрі-дәрмек тәркіледі.
Сол күні Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті дәріханалардың бірінде дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататыны туралы хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында дәріхананың сатушысы «Новиган Нео» және«Нимесулид» дәрілерін жоғары бағамен сатқаны анықталды. Барлық жинақталған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберіледі.
Сарыағаш ауданының полиция бөліміне Сарыағаш қаласында белгісіз адамдар дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сататыны туралы хабарлама түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның «Меропенем» 50 қаптамасын тиісті құжатсыз 590 мың теңгеге сатып жатқан жерінен ұстады. Тәртіп сақшылары айғақты заттарды тәркілеп алып, жігітті полиция бөліміне жеткізді. Аталған жайт Сарыағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, тексеру жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары Мақтаарал ауданында тағы бір дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сату оқиғасын анықтады. Полицияға жергілікті тұрғын Атакент кентіндегі дәріханада дәрі-дәрмектерді белгіленген бағадан қымбат сатып жатқаны туралы арызданған. Полиция қызметкерлері дәріхана қызметкері «аскорбин қышқылының» екі бумасын 1400 теңгеден сатқанын анықтады (белгіленген бағасы – 700 теңге). Жинақталған материалдарды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша фармацевтикалық бақылау бөліміне жолдады.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға карантин мен бетперделік режимін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты ұстап, үйден шықпаңыздар. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне байланысты карантин ережелерін бұзбаңыздар. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!