Атыраудың құрылыс нысандарына рейд жүргізілді
Атырау полицейлері құрылыс нысандарында рейдтік іс-шаралар жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Полиция қызметкерлері қаладағы құрылыс нысандарында жұмыс жасап жатқан шетел азаматтары тараптарынан карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтамау деректерін анықтады, деді облыс Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Рейдтік іс-шаралар барысында Нұрсая-3, Нұрсая-2 ықшам аудандарындағы және Жеңіс саябағы маңайындағы Жайық жағалауындағы салынып жатқан құрылыс нысандарында жұмысшылар медициналық бетпердесіз жұмыс жасаған, сондай-ақ құрылыс нысандарының үшеуінде де антисептикалық құралдар болмаған.
Барлық жинақталған құжаттар жұмыс берушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.