Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері «үй мүлкін» ұрлауды кәсіп қылған машықтанған ұрыны құрықтады

Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері терезелер мен торларды бұзу арқылы он шақты пәтер ұрлығына қатысы бар ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмысқа жеке-дара баратын ұрыдан полиция қызметкерлері ондаған айғақзатты тәркіледі.

– Күдіктіні мүліктік қылмыстардың жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізгеннен кейін әшкереледік. Күдікті күндізгі уақытта үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, үйлерді тонаған. Ұры бірнеше минут ішінде үйдің ішін шолып шығып, негізінен техника, ақша, алтын бұйымдарды және т.б. алып жүруге ыңғайлы құнды дүниелерді қолды қылған. Оңай олжаға құныққан ол өзге үйлердегі қолға ілінген заттардың барлығын алып кете берген. Алдын ала тергеу басталған алғашқы күннің өзінде-ақ күдікті азаматтың біздің аудандағы бес пәтер ұрлығына қатысы бары дәлелденді. Қолды болған заттарға қарағанда кәнігі ұры өзге жерлерде де жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруы мүмкін. Оның өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – деп түйіндеді Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасының бастығы Талғат Сейілханов.

Сериялық ұры ұзақ уақыт пәтер ұрлығын кәсіп қылған Е. есімді 43 жастағы ер адам болып шықты.

– Күдікті кезекті рет бөтеннің мүлкін ұрлау шыққанда қолға түсті. Ол Түрген ауылында орналасқан әкімшілік ғимараттардың біріне заңсыз кіріп, ноутбук ұрлап шыққан, – деп толықтырды Талғат Сейілханов.


Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторын қамаққа алынды. ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру