ІІМ-де отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы айтты
2020 жылы полиция отбасылық агрессорларға қатысты 43 мыңнан астам қорғаныс нұсқауларын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрып-соққаны үшін 3,5 мың қазақстандық жауапқа тартылды. Ішкі істер органдарының материалдары бойынша Соттар 5 мыңнан астам «отбасылық тирандарға» ерекшеталаптар қойды.
Мұндай мәліметтерді ОКҚ брифингінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов таныстырды. Ведомство өкілі COVID-19 пандемиясы кезінде азаматтардың өзін-өзі оқшаулауына байланысты полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасымен күресті күшейткенін атап өтті. Алдын алудың жаңа әдістері әзірленіп, енгізілді.
Біріншіден, мессенджерлерде бейне қоңыраулар арқылы қолайсыз отбасылар мен есепте тұрған адамдарға қашықтықтан мониторинг жүргізіледі. Бұл шара агрессияның көрінісіне бейім азаматтарды бақылауда ұстауға мүмкіндік берді.
Екіншіден, полиция органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы жылдам хабарлау бойынша арнайы алгоритм әзірленді. Бұл алгоритммен дәріхана мен аула дүкендерінің сатушылары, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 12 мыңнан астам әлеуетті құрбандары таныстырылды.
Үшіншіден, полиция үкіметтік емес сектормен, әсіресе, 40-тан астам дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Полицейлер аталған ұйымдардың әлеуметтік-құқықтық және психологиялық жұмыстарына қолдау көрсетуде.
Төртіншіден, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. ІІМ-нің бастамасымен барлық аумақтық бөліністерде «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы өткізілді, оған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның 7,5 мың өкілі қатысты.
Әсет Оспанов: – Өкінішке орай, полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарымен бетпе-бет келеді. Отбасылардағы агрессия деңгейіне көптеген факторлар әсер етеді – әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық. Санкцияларды қатаңдату арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін емес. Жалпы алғанда, отбасы институтын нығайту, балаларға үлкендерге құрмет көрсету, аналарға қамқорлық көрсету, қол сұғушылыққа төзбеушілік сияқты отбасылық құндылықтарды сіңіру қажет, – атап өтті.
Сондай-ақ, ІІМ заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгізілгеннен кейін 2019 жылғы 27 желтоқсанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті.
Полиция жүйелі сипаттағы отбасындағы зорлық-зомбылық туралы дәлелдер жинауға және сотқа ұсынуға мүмкіндік алды. Енді бірнеше рет құқық бұзушылық жасаған кезде, жәбірленуші талап қоймаса да, азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ, айыппұлдарды тиімсіз жазалау шарасы ретінде жою маңызды өзгеріс болды, өйткені олар отбасылық бюджетке ауыртпалық түсірді және жәбірленушілер өтініш жазудан бас тартты.