Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 761 адам жауапқа тартылды

Алматы облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 761 адам жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Экологиялық жағдайды жақсарту және табиғатқа деген қамқорлықты халыққа жеткізу мақсатында  24 шілдесінен бастап Алматы облысының аумағында адамдар көп жиналатын жерлерде, су айдындарының жағалау аймақтарында, жағажайларда, демалыс аймақтарында, табиғи парктерде және халықтың басқа да демалыс орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіледі.

– Жұмылдырылған барлық қызметтер мен ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіру, келіп түскен ақпаратты жинақтау үшін әр ауданда мобильді топтар құрылды. Топ құрамына учаскелік полиция инспекторлары мен аудан әкімдігінің Сауда бөлімі, СЭС, өртке қарсы қызмет және қоғам өкілдері тартылды. Іс-шара барысында қоғамдық орындарды ластау бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінеді, – деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.


“Таза Қазақстан” профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері 761 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде:

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 204-бабы бойынша белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін – 268 адам тартылды;
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін – 258 құқық бұзушы;
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін – 130 адам;
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 434-2 бабы бойынша жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 68 әкімшілік хаттама толтырылды;
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 382-бабы бойынша жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 12 құқық бұзушы;
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 383-бабы бойынша балық аулау ережелерін бұзғаны үшін – 12 құқық бұзушы анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру