Ақтөбеде полицейге пара берген дүкен иесі жауапқа тартылуда
Ақтөбеде карантин режимін бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырмағаны үшін полиция қызметкеріне пара беру фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 тамыз күні Заречный кентіндегі дүкеннің сағат 21.00-ден кейін жұмыс істеу фактісі анықталды. Бұл материал аумағы бойынша Ақтөбе қаласы ПБ Алматы ауданының № 4 қалалық полиция бөліміне жіберілді.
Келесі күні учаскелік полиция инспекторы материалдарды жинау үшін оқиға орнына шықты. Дүкен иесі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершіліктен жалтару және Ақтөбе қаласының СЭҚ-не материалды жібермеу мақсатында учаскелік инспекторға пара ретінде 10 мың теңге көлемінде ақша ұсынды, алайда полиция қызметкері оған бұл іс-әрекетінің заңсыз екенін түсіндірді.
Сол күні дүкен иесі «Kaspi.kz» қосымша арқылы учаскелік инспектордың телефонына 10 000 теңге көлемінде ақша аударған.
Өз кезегінде полиция қызметкері дүкен иесінен жоғарыда көрсетілген ақша сомасын аудару туралы хабарламаны көргеннен кейін бұл туралы өз басшылығына баянатпен баяндады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.